2026 жылғы 9–10 қыркүйекте Қарағанды облысында психикалық денсаулық сақтау қызметінің жұмысына көшпелі мониторинг жүргізілді.
Мониторинг Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарының 2026 жылғы 22 шілдедегі кеңес хаттамасын орындау мақсатында 2027–2030 жылдарға арналған психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі Кешенді жоспарды әзірлеу аясында ұйымдастырылды.
Жедел топтың құрамына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілдері, сондай-ақ «Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры А. Ш. Рустемов және Қазақстан Республикасының психикалық денсаулық мәселелері бойынша штаттан тыс мамандары кірді.
Көшпелі мониторинг барысында психикалық денсаулық сақтау қызметінің жұмысын ұйымдастыру, кадрлармен қамтамасыз етілуі және мамандардың даярлық деңгейі, медициналық көмек көрсету кезінде клиникалық хаттамалар мен стандарттардың сақталуы, медициналық қызметтердің сапасы, инфрақұрылымның жай-күйі және материалдық-техникалық жарақтандырылуы бағаланды.
Бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде психикалық денсаулық бұзылыстары бар пациенттерге көмек көрсетуді ұйымдастыруға, сондай-ақ суицидтік мінез-құлықтың алдын алу саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Көшпелі мониторинг аясында жедел топ өкілдері орта білім беру ұйымдары мен бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында болды.
Мониторинг және жүргізілген супервизия қорытындысы бойынша мамандар психикалық денсаулық сақтау қызметінің жұмысын одан әрі жетілдіруге, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар берді.
Көшпелі мониторинг нәтижелері мен ұсынылған ұсынымдар психикалық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге және суицидтердің алдын алуға бағытталған түзету іс-шаралары жоспарын әзірлеу кезінде ескерілетін болады.





