Бүгін Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы (РПДҒПО) әкімшілігінің өкілдері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ми институтына барды.
ҚазҰУ-дың Когнитивтік нейроғылым орталығының базасында құрылған Институт когнитивтік және мінез-құлық нейроғылымы, нейролингвистика, магниттік-резонанстық томография (МРТ) және есептеу нейроғылымы бағыттарындағы зертханаларды біріктіретін мамандандырылған ғылыми-білім беру алаңы болып табылады.
Сапар барысында РПДҒПО өкілдері Институттың зерттеу инфрақұрылымымен танысты. Ғылыми зерттеулерде 3 Тесла қуатындағы магниттік-резонанстық томограф, оның ішінде функционалдық МРТ жүргізуге арналған жабдық, ANT Neuro жоғары тығыздықты электроэнцефалография жүйелері және функционалдық жақын инфрақызыл спектроскопия (fNIRS) технологиясы қолданылады. Сонымен қатар жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау әдістері пайдаланылады.
Институттың негізгі зерттеу бағыттары когнитивтік функцияларды, мидың қалыпты жағдайда және патология кезіндегі даму ерекшеліктерін, нейродегенеративті ауруларды, эмоциялар мен шешім қабылдау механизмдерін зерттеуді, сондай-ақ диагностикалық және болжамдық биомаркерлерді іздеуді қамтиды.
РПДҒПО үшін Институттың ғылыми әлеуетін ауыр психикалық және мінез-құлық бұзылыстарын зерттеуде пайдалану мүмкіндігі ерекше қызығушылық тудырады. Кездесу барысында бірлескен зерттеулер жүргізу және тәжірибеге бағдарланған ғылыми жобаларды әзірлеу перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, клиникалық тұрғыдан маңызды міндеттерді айқындау, зерттеу әдістерін таңдау және алынған нәтижелерді денсаулық сақтау тәжірибесінде қолдану мүмкіндіктерін бағалау мәселелері қарастырылды.
Ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен форматын одан әрі пысықтау жоспарлануда. Ғылыми және клиникалық ұйымдардың өзара іс-қимылы пәнаралық зерттеулерді дамытуға және психикалық денсаулық сақтау тәжірибесіне заманауи ғылыми тәсілдерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.





