«2025 жылғы 8 мамырда* Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры *Ескалиева Алтынай Түкенқызы* ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету аясында *Шымкент қаласына* жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Алтынай Түкенқызы *Шымкент және Түркістан облыстарының Психикалық денсаулық орталықтарына (ПДО), сондай-ақ Шымкент қаласындағы Бастапқы психикалық денсаулық орталығына (БПДО)* барды. Сапардың негізгі мақсаты – психикалық денсаулық сақтау қызметін жаңғырту бойынша әдістемелік қолдау көрсету және медицина-әлеуметтік көмектің қазіргі жай-күйін зерделеу болды.
Жұмыс бағдарламасы аясында мекеме басшылығы және қызметкерлерімен кездесулер өткізілді. Халыққа көрсетілетін арнайы көмектің сапасын арттыру, психикалық денсаулық саласындағы заманауи тәсілдерді енгізу және ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері кеңінен талқыланды.
Алтынай Түкенқызы материалдық-техникалық база, мамандардың еңбек жағдайлары және пациенттерді бағыттау жүйесімен танысты.
Әсіресе, психиатриялық көмекті бастапқы медициналық буынмен интеграциялау және түрлі санаттағы азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар қорытындысы бойынша ұлттық басымдықтар мен психикалық денсаулықты қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ескере отырып, орталықтардың қызметін одан әрі дамыту және жетілдіру жөнінде ұсыныстар берілді.»
Жаңалықтар
