ҚР ДМ "Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы" ШЖҚ РМК

Қазақстан, Алматы, Амангелді к-сі, 88
Жаңалықтар
Вернуться к списку |

Мамандар жасөспірімдердің психикалық денсаулығына көбірек назар аударуға шақырады


Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту мен өмірлік дағдыларын қалыптастыруға арналған алғашқы халықаралық конференциясы өтіп жатыр

Алматы, 19-20 қаңтар 2018 жыл
Конференцияны ҚР Білім және ғылым министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі қолдауымен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), қазақстандық «Bilim Foundation» қоры, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы және әл-Фараби ат. ҚазҰУ ұйымдастырып жатыр. Конференция жұмысына балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы бойынша қазақстандық және беделді халықаралық мамандар, психиатрлар, педагогтар, денсаулық сақтау мен білім беру саласының және ҮЕҰ өкілдері қатысуда. Конференция қатысушылары арасында Халықаралық психиатриялық ассоциацияның президенті Афзал Джавед пен ұйымның маманы профессор Владимир Карли, конференция президенті, конференцияның ғылыми комитетінің жетекшісі Марко Саркьяпоне, Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының өкілдері: доктор Кьяра Сервили мен доктор Дан Чишолм, ЮНИСЕФ өкілі доктор Нина Ференчич, сынды сала мамандары бар.

ДДСҰ деректері бойынша әлемде жыл сайын жасөспірімдердің 10%-ы өздерін зақымдайды, соның 67 мыңға жуығы көз жұмады. Жасөспірім қыздар мен ұлдар көз жұмуының себептері арасында суицид әрдайым басты орындардың бірінде. Жасөспірімдердің психикалық денсаулығындағы мәселелерді тудырушы фактор ретінде депрессия, мазасыздық, мінез-құлық мәселелері мен өз-өзіне зақым келтіру жатады.

Дүние жүзі бойынша соңғы жылдары жасөспірімдердің ғана емес, жалпы жастардың психикалық денсаулығы мәселелеріне баса назар аударылып келеді. Мамандардың айтуынша жастарға уақытылы көмек көрсету үшін мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен бизнес тарапынан арнайы шаралар қажет. Дамыған елдердегі сияқты, дамушы елдерде де жастар психикалық денсаулық мәселелеріне ұшырауда. Мысалы, табысы жоғары елдерде 11-15 жас аралығындағы балалардың төрттен бірі күніне 2 не одан да көп рет мынадай психологиялық белгілерді сезеді: әлсіреу, ашушаңдық, күйгелектену немесе ұйқының болмауы. Оларға уақытылы көмек көрсетілмесе, психикалық денсаулық мәселесі одан бетер асқынып, өмір сүру сапасының төмендеуі мен суицидтік мінез-құлыққа әкелуі мүмкін.

Қазақстан үкіметі суицидті қоғамдық денсаулықтың маңызды мәселесі ретінде мойындап, жағдайды тыңғылықты зерттеу, ЮНИСЕФ-ті тарта отырып арнайы бағдарламалар әзірлеу, халықаралық мамандарды, үкіметтік емес ұйымдар мен білім беру және психикалық денсаулық саласындағы жергілікті мамандарды тарту секілді шараларды іске асырып келеді. Бірлескен жұмыс нәтижесінде кәмелетке толмаған жастар арасында суицидтің алдын алуы бойынша пилоттық жоба әзірленіп, іске асырылды. Осының негізінде жасөспірімдер арасында психикалық денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, суицидтің алдын алу бағдарламасы жасалып, Қазақстан Республикасының бірнеше облыстарында енгізілді.

Бұл жобаға қатысқан жасөспірімдер қорқыныш, стресс пен көңілсіздік деңгейі төмендегенін хабарлады. Жоба басталғалы 12 айдан кейін сауалнамаға қатысқан, суицид туралы ойлап жүрген жастардың 80%-ы ол туралы ойлауды доғарғанын атап көрсеткен. «Мектепке жаңа психолог келгенде мен өлетін уақытымды анықтап қойғанмын. Бірақ психологтың сынып сағатында ол маған назар аударып, мені кейін өзіне шақырды», - деп ой бөлісті жобаға қатысушы 16 жасар Мария. «Психологпен болған ашық, әрі шынайы әңгімеден кейін мен үйге келдім және өлетін уақытымды сызып тастадым. Мен өзімді жеңіл сезіндім. Сезімдерім мен отбасымда өзгерістер болды. Бір-бірімізге жақынарық болып, көбірек көңіл бөле бастадық. Мен қазір кешкі мектепте оқимын және визажист курсын өтіп жүрмін, болашаққа жоспарлар құрып жатырмын». Бұл – жобаға қатысушылардың басынан кешірген өзгерістерінің бірі ғана.

Бұл оқиға және жобаны тәуелсіз бағалау деректері барлық тараптардың – орталық және жергілікті билік органдары, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері, ЮНИСЕФ пен «Bilim Foundation» сынды халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен әрекеті балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын жақсарта отырып, стресске қарсы тұру деңгейін арттырып, оларға мәселелерді шешуге көмектесе алады.

Қазақстанның осы саладағы тәжірибесін үйрену және өз елдерінде қолдану үшін Еуропа мен Орталық Азия елдерінің жауапты органдарының өкілдері конференцияға қатысып жатыр.

«Bilim Foundation» қорының президенті Ерлан Айтмұхамбетовтың айтуынша, Қазақстанда суицидті алғашқы кезеңдерінде анықтайтын, профилактикалық шаралар жүргізетін және жасөспірімдерді психикалық денсаулыққа байланысты ақпараттандырып отыратын бірегей жоба жасалды. Қазірдің өзінде жоба тиімділігін көрсетіп келеді. «Bilim Foundation» қоғамдық қоры осы сәтті тәжірибені еліміздің барлық өңірлеріне енгізу бағытында жұмыс істеп келеді. Қор инновациялық шешімдер мен жаңа мазмұнмен жобаны ары қарай дамытуда. Мысалы, кәмелет жасқа толмағандардың денсаулығын жақсарту мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру бойынша модульдер әзірленді.
Сонымен қатар конференцияда Zhastar.org ақпараттық платформасының алғашқы нәтижелері таныстырылды. Платформа мектеп психологтары, денсаулық сақтау мамандары мен білім беру және денсаулық сақтау саласы бойынша өкілетті органдарды суицидтің алдын алу бойынша өзекті ақпарат ұсына отырып, жұмыс тиімділігін арттыра алады. Қор жетекшісі осы тәжірибені мемлекет деңгейінде бір стратегия ретінде енгізу жасөспірімдердің психикалық денсаулығын арттырып, суицид деңгейін төмендетіп, дені сау, бәсекеге қабілетті, прагматикалық ұрпақ өсіретінін атап өтті.

«Конференция үкімет пен ЮНИСЕФ-тің балалар мен жасөспірімдердің психикалық мәселесін түсіну мен шешу бойынша ұзақ бірлескен жұмысының нәтижесі, – деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный. – Қазақстан жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту бойынша жаңа әдістерді жасап, енгізу арқылы глобалды деңгейдегі психикалық денсаулық саласына баға жетпес үлес қосты. Біз конференция мен жобаның осындай қызығушылық туғызғанына қуаныштымыз. Маңыздысы, әрбір бала мен жасөспірімге бағытталған әрекетке және нәтижеге алып келгені».

Әлемдік психиатрлар қауымдастығы мен Еуропа психиатрлары қауымдастығы конференцияны балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау мәселелерін осы өңірде және әлемде ілгерілету бағытындағы маңызды қадам ретінде қолдады.

Конференцияны ұйымдастырушылар мен қатысушылар барлық үкіметтерді балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтығуға бағытталған шараларға баса назар аударуға, психикалық денсаулық саласындағы зерттеулерге бөлінетін қаржыны арттыруға, соңғы жаңалықтар мен білімге сүйенетін осы саладағы инновацияларды дамытуға, сапалы қолдау мен күтімді қамтамасыз етуге шақырды. Конференцияға қатысушылар психикалық денсаулық мәселесін нығайтуға түрлі секторларды жұмылдыру, мектептердің денсаулық сақтау мен психикалық денсаулық қызметтерімен, қоғам мен отбасының өзара тығыз байланысы маңызды екенін атап өтті.

Конференция жайлы толығырақ www.mhconf.kz сайтынан білуге болады
Twitter, Facebook, Instagram, VK.

Толығырақ ақпарат алу үшін хабарласыңыз:
Зарина Нұрмұхамбетова, ЮНИСЕФ Қоғаммен байланыс маманы
+ 7 777 734 3019 ext 112 znurmukhambetova@unicef.org

Сұрақ қою Пікір қалдыру Емханаға қоңырау шалу